Менің мақтан тұтар мекендерім!

Менің мақтан тұтар мекендерім!
О, қасиетті туған жер, қадіріңді білмесем, мен балаңды кеше гөр… «Туған жерің тұғырың» — дейді халық даналығы. Жалпы, туған жер туралы, оның қадір-қасиеті туралы айтып тауысу мүмкін емес…
Туған жер адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер, оны елімен өткенмен және болашақпен байланыстырады. Міне, осылай байланыстырған менің кіндік қаным тамып, топырағына аунап өскен мекенім Қызылорда облысы. Туған жерімнің бір түйір тасы, жаттың ат басындай алтынынан да қымбат мен үшін. Қызылорда деп айтқанда, менің кішкентай жүрегім атойлап, мақтаныш сезім кернеп тұрады. Міне, менің мақтанышым, өлімнің емін іздеген киелі — Қорқыт бабамның жері! Қорқыттың қобызынан сусындаған Сыр елі, жыр елі – менің мекенім! Мақтанышпен айтамын, киелі жер екенін. Адамзатты тұңғыш ғарышқа жіберген, әлемдегі ең ірі жер беті ғылыми ғарыш полигоны — Байқоңыр да осы қалада орналасқан. Қазақстан бойынша тұздылығымен, бекіре балығымен белгілі болған Арал теңізі де осында! Арал теңізі жағасында орналасқан — әсем гүлге көмкеріліп жатпаса да, қара көк бояу бір солмайтын, арнасы оңайлықпен толмайтын, құмына қанша аунасаң да үстіңді бір былғамайтын, төрт түлігі төсінде өріп жүрген, жазы шыбынсыз, қысы қоңыр салқын, жұртының жүзі жарқын, қысы-жазы аузынан ағарғандары кетпейтін Арал ауданының өзі неткен ғажап десеңші… Төсінде ерке лақтай ойнақтап өскен табиғатымның сұлулығы мен ерекшелігін айта берсем қиялымның шырқау шегі биіктерге жетелейді. Шілдесі мен тамызы ми қайнатар ыстық болса да, мен үшін жер бетінде Қызылордаға жететін жер жоқ дейтінмін?! Алайда, арман жетегі жетелеп, болашаққа деген ұмтылыс мені бұрын соңды көрмеген, теледидар арқылы таныс болған, қиялымдағы Шұрайлы Шығысқа ат басын тіретті. «Еңсесін енді көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды ұрпақтың орны бөлек» — деп, Елбасымыз атап кеткендей, мемлекетіміздің экономикасын көтеру, ауылшаруашылығын дамытуға үлес қосу үшін, жігерлі жастық жалынмен, асқақ арманмен — 2015 жылы «Серпін» бағдарламасымен оқуға түстім. Дана да, ұлы тұлғаларымен танымал Шығыс мекені, соның ішінда Ұлан ауданы, Саратовка ауылы мені қонақ жайлылығымен, кең пейілділігімен өзіне бірден баурап алды. Білім нәрімен сусындап, қанаттанып, еңбек жолына дайындалып жатқаныма 2 жыл толса да, Шығыс мекеніне үйреніп қалғаным соншалық, құдды бір осы жерде туғандаймын. Алғашында жылы жақтан келген бізді Шығыстың қытымыр қысы қабағын түйе қарсы алғандай болды. Алайда, қысы қатты болғанымен қазақилықтың исі аңқыған, жүздерінен жылу шашып жарқыраған Саратовка ауылының тұрғындары өздерінің мейірімділігімен қыстың суығын білдірмей жібергендей. «Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген кісі өзге халықтарды ашындырмайды» — дегендей, көп уақыт өтпей-ақ туған жерімізде жүргендей сіңісіп кеттім. Бүгінгі таңда өзімнің алаңсыз балалық шағым өткен, көшесінде жалаң аяқ жүгіріп, асыр-салып ойнаған туған жерім Қызылорда болса да, асқақтаған алпамса таулардың ортасында айнадай жарқыраған, адам айтып жеткізе алмайтын сұлу, мөлдір, кәусар бұлағы секілді еркелей ағып жатқан Ертіс өзені мен Шығыстың әдемі табиғаты еріксіз өзіне баурап, жүрегімнің түкпірінде терең ұялады. Мен, ұлы Абай, Шәкәрім, атақты Мұхтар мен Оралхан Бөкейдің туған жеріне келіп, білім нәрімен сусындап жатқаным шексіз бақыт пен қуанышқа бөлейді.
«Ендігі жерде біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Ендігі жерде бәріміздің де туған жеріміз біреу, ол – қазақ даласы» — деп Елбасы айтқандай, Қазақстанның қай жерінде жүрсек те туған жерге, елге деген құрмет, сағыныш арта бермек, дегенмен, өз елімнің өрге өрлеп келе жатқанын көргенде кеудемде мақтаныш сезімі кернейді.
Мен – қазақ баласы, туған елімнің — патриоты! “Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі” – деп ата-бабамыз айтып кеткендей, туған жеріме, даңғыл жолда үлкен жетістікер мен белестерге жол ашқан, арманның одан әрі асқақ шыңына жетелеген менің мақтан тұтар мекендерім жұдырықтай ғана кішкентай жүрегімнің түкпірінде ерекше орын алатыны сөзсіз!

Статистика

  • 81983Всего посетителей:
  • 3Посетителей сегодня:
  • 110Посетителей вчера:
  • 1024Посетителей на прошлой неделе:
  • 8410Посетителей в месяц:
Наш адрес  071615, ВКО, Уланский район, с. Саратовка, ул. Молодежная, 4.