Колледждегі ашық есік күні

2019 жыл – Жастар жылы аясында ағымдағы жылдың 05 сәуір күні «Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжінде» ШҚО Ұлан ауданының мектеп оқушылары үшін «Ашық есік күні» ұйымдастырылып өткізілді.

«Тәуелсіздіктің бәрімізге артар сенімі мол. 

Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсу керек. Әлеуетіміздің асуы да, әулетіміздің тасуы да бүгінгі жастарымыздың қолында»-деп, Елбасымыз айтқандай, бүгінде  жастарға  артар  сенім  мол.  

Себебі, Қазақстанның  болашағы – жастардың  қолында!  

Құрылғанына 74 жыл болған «Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжі» қазіргі ауыл кәсібі мұқтаж болып отырған мамандықтарды оқытып келеді.

Колледждің негізгі оқытатын мамандықтары – «Агрономия», «Ветеринария» және «Механизация». Бұл мамандықты оқыған жастар қолдарына агроном, ветеринар және механик мамандықтарының дипломын алып шығады.

Негізгі ауылшаруашылық дақылдарына арналған зиянкестерден, аурулардан және арамшөптерден қорғау бағдарламасын құрастыру, өсімдіктерді қорғаудың химиялық, биологиялық және экономикалық тиімділігін анықтау, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау бойынша талаптардың орындалуын қамтамасыз ету сияқты маңызды жұмыстарды атқару біздің колледжді оқып шыққан агроном жастардың үлесіне тиіп отыр.

-Қазіргі таңда мал дәрігері болуды кейбіреулер сәннен қалған деп менсінбейді. Ал керісінше, бұл – сұранысқа ие мамандықтың бірі. Облыстың көптеген шаруа қожалықтары біздің колледжді тәмамдаған ветеринар мамандарға қолқа салып отыр.-дейді колледж директоры Оралбек Оспанов

-Ауылдық жердегі мал шаруашылығын былай қойғанда, қалада ит, мысық, тотықұс, т.б. өсіретіндер мал дәрігерлік емхананың табалдырығын тоздырады. Ветеринар мал дәрігерлік дәріханада, зертханада, емханада, мал шаруашылығында, кеденде, аң өсіретін фермада, хайуанаттар бағында және азық-түлік базарларында жұмыс істейді. Жан-жануарлардың ауруларын емдейді, әртүрлі аурудың алдын алу үшін екпе салып, қажет болғанда ота жасайды, малдан алынған ет, сүт, т.б. өнімдерге бақылау жүргізіп, осы өнімдердің жарамды-жарамсызын айырады.-дейді өз пікірін ортаға салған колледж оқытушысы ветеринар мамандығының майталман білгірі Гүлбахрам Манапқызы.

-Ауыл шаруашылығын дамыту үшін үкімет тарапынан мал дәрігерлік мамандыққа қолдау көрсету жайлы сөз болып жатыр. Себебі, мал ауырса ауыл шаруашылығына шаш-етектен шығынға батып қана қоймайды, адамға да жұғып, халық өміріне қауіп төндіреді ғой.-дейді колледж директорының орынбасары Асқар Шинтемиров.

«Ашық есік күнінің» кестесіне сәйкес ауданның 13 мектебінен жиналған 130 астам 9-11 сынып оқушылары  колледждің студенттік өмірмен – жатақханамен, асханамен және ұстаздардың сабақ беретін кабинеттерімен танысты.

Шараның соңы колледждің өнерпаз жастары ұйымдастырған «Әнім сен едің» атты  мазмұнды да әсерлі  концерттік бағдарламаны тамашалауға ұласты. Білімдерін сынап, сертификатқа ие болып, ауылдарына үлкен әсермен тарасты.

No Comments Yet

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Статистика

  • 8842Всего посетителей:
  • 3Посетителей сегодня:
  • 18Посетителей вчера:
  • 104Посетителей на прошлой неделе:
  • 287Посетителей в месяц:
Наш адрес  071615, ВКО, Уланский район, с. Саратовка, ул. Молодежная, 4.